45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.
Жетісу облысының Текелі қаласында әйел адам күйеуін пышақтап өлтірді. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты облыстық полиция департаменті растады. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"НеМолчи" қорының мәліметінше, күдікті Лидия көпбалалы ана. Көршілерінің айтуынша, марқұм күйеуі ұзақ жылдар бойы отбасы мүшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Ол жиі мас күйінде үйге келіп, жанжал шығарып, әйелі мен балаларына қол көтерген.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, ер адам әйелін бірнеше рет ұрып-соғып, балаларымен бірге үйден қуып шыққан. Тіпті қыста үйдің барлық терезесін сындырғаны да айтылған.
"Болған қайғылы оқиғаны ақтауға тырыспаймыз. Алайда бұл әйел мен оның балаларының жылдар бойы қандай жағдайда өмір сүргеніне назар аударуды сұраймыз", – делінген жарияланымда.
Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс 10 маусымға қараған түні болған. 45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ер адамның жұбайы бірге спирттік ішімдік ішкен кезде салғаны анықталды", – деп хабарлады полиция.
Қазір барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарып, ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылды. Полиция түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданатынын мәлімдеді.