$ 460.8  541.21  6.13

«Дінде рұқсат бар»: Желіде жеті атаға дейін қыз алуға болады деген ұстаздың басы дауға қалды

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Әлеуметтік желіде “бел немерелердің өзара шаңырақ көтеруі шариғатқа қайшы емес” деп пікір білдірген медресе ұстазының басы дауға қалды. Ол 10 жылдан аса уақыт балаларға діни тәрбие берген екен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ұстаз Данияр Кенжеұлы желіде “жеті атаға дейін қыз алыспау міндетті емес” екенін айтады.

“Құранда бізде нақты кімге үйленуге болады, кімге болмайтыны нақты айтылған. Жеті атаға дейін "бөле секілді" деген нәрселерге дінде рұқсат бар, бірақ ол орындалуы керек деген нәрсе емес”, – деді ол.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, ол бұған дейін де ескерту алыпты. Алайда аталған пікірі үшін оған ешқандай шара қолданылмайды. Өйткені "немере қарындасымен отбасы құруға рұқсат" дегенді мүфтиаттағылар да жоққа шығармайды. Бірақ бұл мәселеде дәстүрге сүйенген абзал деген пікірде. 

“Данияр деген азамат Ақтөбе медресе колледжінде ұстаз болып жұмыс істеген. Алдында осындай бір мәселеге қатысты даулы сөздеріне қатысты оған ескертулер беріліп, шара қолданылған. Тіпті жұмыстан да босату орын алған еді. Ал енді ол кісінің жеке айтқан сөздері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми пікірін, ұстанымын білдірмейді”, – деді бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков.

Генетик мамандар да туыстардың отбасы құруынан түрлі ауру бала дүниеге келетінін жасырмады. Туа бітті ауруға шалдыққан сәбилер сол күйі емделмей кетеді екен. Көбіне туыстық некеден туған бөбекте есту қабілеті болмайды дейді дәрігер.

“Әр адам – кез келген генетика өзгерісінің тасымалдаушысы. Тасымалдаушы адамда ол аурудың еш белгісі болмайды. Егер де екі адамда бірдей сондай генетика мутациясының тасымалдаушысы болса, болашақ ұрпаққа ауру болып берілу ықтималы жоғары. Сол үшін туыстық некеде барлық бала ауру болып туады деген ұғым жоқ, дегенмен ықтималы жоғары”, – деді генетик дәрігер Алтынай Қожанова.

Басы дауға қалған Данияр ұстаз желідегі парақшасына жазба жариялады. Бұл оқиғаны ол қоғамда алауыздық тудыру үшін "әдейі жасалды" деп отыр. Ақиқатында өзі де жеті атаға толмай қыз алысуды құптамайтын көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0