$ 460.8  541.21  6.13

3,9 млрд теңге жымқырған: Перизат Қайратпен байланысы бар құрылыс компаниясының басшысы тергеліп жатыр

Қазіргі уақытта 56 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығынның жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құрап отыр.

Фото: Әлеуметтік желі
Фото: Әлеуметтік желі

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Күдікті «Nura Elite» коттедж қалашығын саламын деп, 56 адамды алдап соққан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2021-2024 жылдар аралығында Мөлдір Суюншали «Nura Elite» жобасы аясында 37 коттедж бен 24 таунхаус салуды жоспарлап, азаматтардан қаражат жинаған. Алайда, 2023 жылдың соңында тапсырылуы тиіс нысандардың бүгінде тек қаңқалары ғана тұр.

Тергеу барысында тартылған қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Атап айтқанда 322 млн теңге күдіктінің өзіне, жұбайына және анасының есепшоттарына, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ үлескерлердің ақшасына Астанадағы «Асылхан» ТҮК құрылысы үшін жер сатып алынған.

Күдіктінің әрекетінде жылжымайтын мүлікті бірнеше рет қайта сату фактілері де тіркелген. Мәселен жәбірленуші ақшасын толық төлеген коттеджді Суюншали өз міндеттемелері бойынша кепілге қойып, кейін үшінші тұлғаларға сатып жіберген.

Сонымен қатар ол ешқандай рұқсат құжаттары болмаса да, Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж әйелге пәтер беретінін айтып, БАҚ-та мәлімдеме жасаған. Іс жүзінде аталған тұрғын үйдің құрылысы тіпті басталмаған болып шықты.

Соттың санкциясымен күдіктіге қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, – делінген ресми хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0