Эстафета барысында қатысушылар еңбекті қорғау талаптары бойынша білім деңгейін және шынайы жағдайға барынша жақын ортада қауіпсіз жұмыс істеу дағдысын көрсетті.
Qarmet University алаңында заманауи жаттығу құрылғыларын қолдану арқылы биіктікте қауіпсіз жұмыс істеуге арналған эстафета өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Іс-шараға бес команда қатысты: «Қазақмыс корпорациясы» кеншілері, «Kazakhmys Smelting» металлургтері, Qarmet жөндеу-монтаждау зауытының құрамасы, Qarmet Service, сондай-ақ «РемЭкология» мердігер ұйымы. Әр команда бес қатысушыдан құралды. Бағдарлама теориялық және практикалық бөлімдерді қамтыды. Эстафета барысында қатысушылар еңбекті қорғау талаптары бойынша білім деңгейін және шынайы жағдайға барынша жақын ортада қауіпсіз жұмыс істеу дағдысын көрсетті.
«Бүгін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Qarmet University алаңында биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу бойынша эстафета өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу және ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту. Біз әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға және өзіміз үшін жаңа дағды үйренуге дайынбыз. Мұндай іс-шаралар тұрақты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, кәсіби құзырет деңгейін арттыруға және кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді», – деді Qarmet компаниясы Болат департаментінің қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі директоры Бауыржан Әлжанов.
Практикалық кезең биіктікте жұмыс істеу үшін арнайы салынған полигонда білікті сарапшылардың қатысуымен өтті. Бұл тапсырманың орындалуын жоғары деңгейде бағалауға және кәсіби бақылауға мүмкіндік берді. Эстафета жеңімпазды анықтауды мақсат тұтқан жоқ. Басты назар тәжірибе алмасуға және қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға аударылды. Қатысушылардың барлығына естелік сыйлық пен кәдесый табысталды.
«Іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу және қауіпсіздік мәселесінде бәсекелестік болмайтынын тағы бір мәрте атап өту болды. Qarmet те, Kazakhmys та Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істейді, сондықтан саланы қауіпсіз ету - біздің ортақ миссиямыз. Бұл осындай іс-шараларда айқын көрінеді. Шақырғандарыңызға және биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу бойынша тәжірибемізбен, білімімізбен және құралдарымызбен бөлісуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімдімін», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» Еңбекті қорғау департаменті тәуекелдерді басқару бөлімінің басшысы Владимир Саламатин.
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда қауіпсіздік барлық өндірістік үдерістерде негізгі құндылық әрі басымдық болып табылатынын эстафета тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол тек стандарттар мен регламенттерді сақтау арқылы ғана емес, сондай-ақ әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі, үздіксіз оқыту және практикалық тәжірибе алмасу арқылы қалыптасады. Дәл осындай бастамалар қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыруға, тәуекелдерді азайтуға және адам өмірі мен денсаулығын сақтау сөзсіз басымдық болатын сенімді әрі тұрақты өндірістік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.