Конференция кәсіби диалог алаңына айналып, тәжірибе алмасуға және метаболикалық аурулары бар пациенттерді емдеудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға ықпал етті.
9 сәуірде Алматыда кардиология, эндокринология, гастроэнтерология, нефрология және сабақтас салалардағы жетекші мамандарды біріктірген «Ұлттық метаболикалық код 2026» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Ұйымдастырушылар: С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, сондай-ақ бейінді кәсіби қауымдастықтар.
Іс-шара метаболикалық денсаулыққа бірыңғай мультижүйелік мәселе ретінде жаңа көзқарас қалыптастыруға бағытталды. Метаболикалық синдром, семіздік, 2 типті қант диабеті, артериялық гипертензияның жүрек-қантамыр мен гастроэнтерологиялық ауруларға әсері талқыланды.
Бағдарламада: жетекші сарапшылардың қатысуымен пленарлық отырыстар, заманауи медицинаның негізгі бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар, халықаралық фармкомпаниялардың сателлиттік симпозиумдары, клиникалық жағдайлар мен практикалық тәсілдерді талқылау.
Конференция қатысушылары алдында сөз сөйлеген ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов:
«Қазақстандағы әрбір үшінші-төртінші ересек тұрғын метаболикалық бұзылыстар белгілеріне ие, әрі бұл патология жастар арасында да жиі анықталуда. Сонымен қатар оң үрдістер де байқалады: профилактикалық тексерулермен қамту артып келеді, ерте анықтау алгоритмдері жетілдірілуде, медициналық көмектің превентивті бағыты күшеюде. Дәрігердің құзыреттілігіне қойылатын талаптар да күшеюде - салмақты шешім қабылдау және пациентті барлық маңызды буындардың бірлігі ретінде қарастыру маңызды», — деп атап өтті.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев өз сөзінде:
«Қазіргі таңда метаболикалық синдром нозологиялық анықтамалар шеңберінен шығып, жүрек-қантамыр, эндокриндік және гастроэнтерологиялық аурулардың негізгі қауіп факторларын біріктіретін тұтас патогенетикалық тұжырымдамаға айналды», — деді.
Оның айтуынша, 2021–2025 жылдары медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жүргізілген скринингтік бағдарламалар нәтижесінде қамту 15–20%-ға артқан, ал қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау көрсеткіші өскен. Бұл аурулардың таралуының артуын, диагностика мен медициналық көмектің қолжетімділігінің жақсарғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстанда профилактикалық бағдарламаларды күшейту, гастроэнтерология, эндокринология, кардиология және нефрологияны интеграциялау, сондай-ақ тәуекелдерді бағалаудың цифрлық құралдарын енгізу басым бағыттарға айналуда.
Конференцияға Францияның Бас консулы Максим Жеренже және Франция елшілігінің денсаулық сақтау жөніндегі маманы Александра Тиркюир қатысып, Артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі мамандар қоғамы мен «Сервье Қазақстан» ЖШС арасында жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен бақылау тиімділігін арттыруға бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Сервье» компаниясы арасындағы Меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Конференция барысында пәнаралық өзара іс-қимылға және кардиометаболикалық бұзылыстары бар пациенттерді басқарудың заманауи стратегияларын енгізуге ерекше назар аударылды.
Спикерлер қатарында Қазақстанның танымал сарапшылары мен Еуропадан келген халықаралық мамандар. Қатысушылар жаңа клиникалық ұсынымдарды, заманауи терапиялық тәсілдерді және өзекті зерттеулер нәтижелерін талқылады.
Алғаш рет қатысушыларға кардиометаболикалық тәуекелдерді бағалау және түзету бойынша дербестендірілген ұсынымдары бар метаболикалық паспорт алу мүмкіндігі ұсынылды.
Конференция кәсіби диалог алаңына айналып, тәжірибе алмасуға және метаболикалық аурулары бар пациенттерді емдеудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға ықпал етті.