$ 482.32  553.37  5.63

Алатау қаласын басқару үшін жаңа мемлекеттік орган пайда болады

Әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырмақ.

Фото: atpress.kz
Фото: atpress.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын басқару жүйесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының мәртебесі» туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

«Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді», – деді Қанат Бозымбаев.

Заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. 

«Сондай‑ақ «бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығының немесе халықаралық арбитражды таңдай алады», – деп атап өтті вице-премьер.

Айта кету керек, бұған дейін Алатау қаласының арнайы мәртебесіне қатысты заң осы айда Президент қарауына енгізілетінін жазғанбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0