$ 491.59  572.16  6.24

Семейде әкімдіктің әрекетсіздігінен үйлерді су басты

10 наурызға қараған түні су үйге кіріп, барлық бөлмені басып қалған.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Семей қаласында жеке тұрғын үйді су басып, отбасы қиын жағдайда қалды. Оқиға қаладағы Рощи ауданында болған. Тұрғындардың айтуынша, 10 наурызға қараған түні су деңгейі күрт көтеріліп, үйдің барлық бөлмесіне кірген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Таңертең үйдің ішінде шамамен 15–20 сантиметр мұздай су тұрған. Үйде кішкентай бала бар, сол күні жедел жәрдем шақырылған, ал келесі күні баспананы түгел су басқан.

Тұрғындар қауіпті жағдай туралы алдын ала бірнеше рет хабарлағанын айтады. 3 ақпанда олар 112 қызметіне қоңырау шалып, су басу қаупі бар екенін ескерткен. Сол кезде ауланың жартысын су алып жатқан. Кейін «Зеленстрой Семей» мекемесінің өкілі келіп, арықтарды тазалаймыз деп уәде бергенімен, нақты жұмыстар жүргізілмеген.

19 ақпанда су қайта көтеріліп, тұрғындар 109 байланыс орталығына және eOtinish платформасы арқылы тағы шағым жолдаған. Алайда жауапты мекемелер тарапынан нақты шара қабылданбаған. Соның салдарынан 10 наурызға қараған түні су үйге кіріп, барлық бөлмені басып қалған.

Үй иесінің айтуынша, үйдің жанындағы тоған ұзақ уақыттан бері тазаланбаған. Отбасы өз күштерімен жерді көтеріп, бөгет жасағанымен, биыл су бәрібір асып кеткен. Жыл сайын қайталанатын жағдайға қарамастан, алдын алу жұмыстары уақытында жүргізілмеген.

Облыстық ТЖД мәліметінше, паводокқа байланысты 112 нөміріне 200-ден астам хабарлама түскен. Қазір арнайы қызметтер су сорғызу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда тұрғындар жауапты органдар әрекетті су үйге кіргеннен кейін емес, одан бұрын жасауы керек еді деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0