$ 522.19  606.42  6.47

Астанада «Болашақтың жұмысшы кәсіптері» форумы өтті: жастар өндірісті ішінен көрді

Форумның мақсаты – жастарға өндірістің қалай жұмыс істейтінін дәл көрсету. 

Фото: Астана әкімдігі
Фото: Астана әкімдігі

Астанада техникалық мамандықтарға қызығушылықты арттыруға бағытталған «Болашақтың жұмысшы кәсіптері» жастар форумы өтті. Іс-шара Политехникалық колледжде ұйымдастырылды. Форумға жүздеген студент, жас маман және сала өкілдері қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Форумның мақсаты – жастарға өндірістің қалай жұмыс істейтінін дәл көрсету, заманауи техникалық мамандықтарды таныстыру және болашақта сұранысқа ие дағдылар туралы ашық айтып беру. Шара барысында жастарға экскурсия, практикалық аймақтар және түрлі компания басшыларымен еркін диалог ұсынылды.

Күннің бірінші бөлігі оқу орнының зертханалары мен шеберханаларын аралаудан басталды. Әсіресе EXTLAB зертханасы жастардың қызығушылығын оятты. Бұл жерде студенттер электроникамен жұмыс істейді, электромобиль құрылысын меңгереді.

Автокөлік жөндеу шеберханасында жастар қозғалтқыш, жүйелік диагностика және автоэлектрика негіздерін көрді. «Оптикалық-талшықты жүйелер» зертханасында интернеттің жоғары жылдамдықпен қалай жұмыс істейтінін түсінді. Ал «Байланыс және телекоммуникациялар» зертханасында жас мамандарға нақты байланыс арналарының құрылымы көрсетілді.

КНАУФ полигоны мен ресурстық орталықтарында құрылыс материалдарының әзірленуі мен қолданылуы таныстырылды. TP-Link және GROHE орталықтарында жастар заманауи желілік технологиялар мен инженерлік жабдықтардың жұмыс принципін көрді.

IT-құзыреттер орталығында студенттер «Ақылды үй» жүйесін, веб-дизайн үдерістерін және жүйелік әкімшілендірудің негізгі талаптарын көріп шықты. FESTO аймақтық орталығында мехатроника жабдықтары мен автоматика жүйелерінің нақты жұмысы көрсетілді.

Форумның негізгі бөлігі ашық диалог алаңында жалғасты. Оны Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Жастар Рухы» төрағасы Мағзум Арсланбек жүргізді.

Ол жастарға қарата:

«Бүгін біз сіздерге өндірісті тек сөзбен емес, көзбен көрсеткіміз келді. Болашақта жұмыс істейтін салаларыңызды өздеріңіз көргенде ғана нақты бағыт таңдайсыздар. Бұл – Жастар Рухының басты мақсаты: ақпаратты бірінші кезекте, шынайы түрде жеткізу», – деді.

Спикерлер жастарға нақты кеңестер берді.

Бексұлтан Олжабай, «BI Group» даму жөніндегі директоры:

«Бүгінде құрылыс саласында цифрлық технологиялар кеңінен енгізілді. Жастардан біз ерекше дағды күтеміз – үйренуге дайын болу. Компаниямыз талантты жас мамандарды әрқашан қолдайды», – деп бөлісті.

Уалихан Қымбатов, «QazaqGaz» техникалық директоры:

«Газ саласы – үлкен жауапкершілік. Бұл салада тәртіп, нақты есеп және техника қауіпсіздігі бірінші орында. Бізге техникалық сауаты жоғары мамандар керек. Сол үшін оқу орындарымен тығыз жұмыс істейміз», – деді.

Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

«Энергетика – күнделікті өмірдің жүрегі. Электр, жылу, желі және қауіпсіздік жүйелері өте тез өзгеріп жатыр. Сол өзгеріске ілесетін мамандарды күтеміз», – деп атап өтті.

«Сұрақ–жауап» сессиясында жастар нақты мәселелерді көтерді. Олар «жұмысқа тұру қалай болады?», «тәжірибеден соң қалу мүмкін бе?», «жалақы қандай деңгейден басталады?», «қай дағдылар ең қажет?» деген сұрақтар қойды.

Компания өкілдері жұмысқа қабылдау талаптарын ашық түсіндірді.
Жастарға ең қажет дағдылар ретінде:
– техникалық сауат;
– қауіпсіздік талаптарын білу;
– жаңа технологияны тез меңгеру;
– тәртіп пен жауапкершілік аталды.

Форумға дейін жастар METALFORMER зауытына барып, өндірістік желілерді көрді. Бұл кәсіпорын екі жыл бұрын ғана ашылған, бірақ қазірдің өзінде өнімін экспортқа шығарып үлгерген.

Бұл форум студенттерге нақты бағыт берді. Олар өз көздерімен көріп, болашақта техникалық салада қандай мүмкіндіктер бар екенін анық түсінді.

Форум жастарға жаңа мотивация сыйлады.
Ал компаниялар үшін бұл – болашақ кадрлармен тікелей танысу мүмкіндігі.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта барлық өңірлерде жалғасатынын айтты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары