5 қазан күні, сағат 13:00-де Павлодар қаласындағы №5 мектептің маңында «Дала Қырандары» республикалық жастар ұйымының Павлодар бөлімшесі Семей, Қарағанды, Қосшы, Теміртау және Астана қалаларынан келген қырандармен бірлескен рейд өткізді. Бұл бастама — аймақтық бөлімшенің жұмысына қолдау көрсету әрі павлодарлық кырандарға серіктестік көмек беру мақсатында ұйымдастырылған.
Қыркүйек айында №5 мектеп маңында өткен рейд барысында «Дала Қырандары» оқу орнының жанында есірткі сату мен қолдану деректерін анықтады.Сондықтан 5 қазан күні команда қайтадан сол жерге барып, аумақты тазалап шықты. Сонымен қатар бұл әрекет арқылы олар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселеге билік пен қоғамның назарын аудартуды мақсат етті.
Іс-шараның басты мақсаты — #сатқындарға қарсы күрес. Бұл бастама Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына сай жүзеге асуда. Бүгінде синтетикалық есірткілер – жастарға төнген ең қауіпті қатерлердің бірі. Оларды таратушылар, яғни сатқындар, өз пайдасы үшін жастардың денсаулығын, санасын және болашағын құртып келеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бері өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі салауатты орта қалыптастырумен айналысып келе жатқан ұйым үшін есірткі қатеріне қарсы тұру – бір реттік шара емес. (Ссылка)
Рейдтен кейін қатысушылар қылмыстық іс-әрекет іздерін жойды — заңсыз айналымға қатысы бар заттардың барлығын өртеп жіберді. Акция бірлік пен жауапкершілік рухында өтті. Қазақстанның алты қаласынан келген ұйым мүшелері мен аудан тұрғындары өз көшелерін қауіпсіз ету мақсатында күш біріктірді.
«Дала Қырандары» ұйымының Павлодар қалалық бөлімшесі Лермонтов көшесін өз бақылауына алып, мұнда есірткі саудасымен және оны тұтынумен байланысты адамдардың болмауына тұрақты түрде бақылау жүргізеді», — «Дала Қырандары» Павлодар бөлімшесінің жетекшісі Еламан Ерғантай мәлімдеді.
«Дала Қырандары» ұйымының үйлестірушісі Ерасыл Сайлауовтың айтуынша, ұйым мүшелерінің ұстанымы айқын:
«Синтетикалық есірткіден азат Қазақстан — бұл дені сау ұлттың, берік қоғамның және қауіпсіз болашақтың кепілі. Тек мемлекет пен қоғамның, жастардың бірлескен іс-қимылы ғана #сатқындардың жолын кесіп, ел ертеңін сақтап қала алады».
Акция қорытындысын «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев шығарды:
«Бұл акция — «Дала Қырандары» республикалық бірлестігінің есірткі қаупіне қарсы күрестегі кезекті қадамы ғана. Қырандар алдағы уақытта да рейдтер өткізіп, жастарды тартуды және өз қаласы мен көшесіне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды жалғастырады. Өйткені #сатқындар-ға қарсы тұру – елдің ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір жастың парызы».