$ 547.57  642.63  6.68

Қарағандыда канализация құбырын ауыстыру кезінде екі жұмысшы тірідей көміліп, көз жұмды

Куәгерлердің айтуынша, апат кезінде арнайы техника қауіпсіздік шараларын толық сақтамаған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Қарағандыда қайғылы жағдай орын алды. Шахтеров даңғылында канализация құбырын ауыстыру барысында кенеттен топырақ опырылып, екі жұмысшы жер астында қалып қойған. Құтқарушылар үлгермей, олар тұншығып қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Куәгерлердің айтуынша, апат кезінде арнайы техника қауіпсіздік шараларын толық сақтамаған. Жұмысшыларға қажетті қорғаныс құралдары берілмей, қазылған ор шегенделмеген. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі жұрттың ашуын тудырды.

Қарағанды тұрғындары комментарийлерде билікке ашу-ызасын білдірді: «Жас жігіттер жұмыс үстінде қаза тауып жатыр. Қайда техника қауіпсіздігі?» «Әкімдік пен мердігерлер жауап берсін! Бұл – немқұрайдылықтың кесірі» «Билік өкілдері қасқайып қарап тұр, ал адамдар көз жұмып жатыр».

Полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. ҚК 277-бабы, 3-бөлімі бойынша («Қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкелу») айып тағылды. Бұл бап бойынша кінәлілер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алайда қарапайым халықтың көңілінде бір сұрақ қалып отыр: «Әкімдік пен бақылаушы органдар жұмыс басталғанда неге қауіпсіздікке назар аудармады? Екі жас жігіттің өмірін сақтап қалуға болар еді ғой».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары