«Мүлде жұмыс істемейді, бұларды қадағалайтын ешкім жоқ» деген шағымдар жиілеп кетті.
Қызылорда қаласының Ақмешіт шағынауданындағы 28-үй тұрғындары бірнеше күннен бері жертөледегі су мен сасық иістен зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, жертөле толып, жағымсыз иіс пәтерлерге дейін тарап кеткен. Халық 109-ға хабарласқанымен, «КСК-ға ескертілді» дегеннен басқа нәтиже жоқ. Ал тексеруге келетін бірде-бір жауапты маман көрінбеген. КСК «Орда Сервис» мекемесі болса, мүлде қимылсыз отыр.
«Ай сайын ақша төлейміз. Бірақ бір шара қолданбайды. Жауапты адам қайда? Бұл мәселені кім шешеді?» – дейді тұрғындар.
Әлеуметтік желідегі пікірлерде де «Орда сервис» жұмысына көңілі толмайтындар көбейген.
«Мүлде жұмыс істемейді, бұларды қадағалайтын ешкім жоқ» деген шағымдар жиілеп кетті. Жағдайды бақылауға алуға тиіс мекеме халықтың ашуын тудыруда. Әкімдік пен тиісті органдардың әрекетсіздігі салдарынан қарапайым тұрғындар антисанитария мен қауіптің ортасында өмір сүруге мәжбүр.