Қазіргі таңда күдікті екі әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алматы облысында Масақ ауылдық округі әкім аппаратының қызметкері 16 жастағы қызға жасалған ауыр азаптаулар мен зорлық-зомбылық ісіне қатысы бар деген күдікпен уақытша қызметінен шеттетіліп, қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін белгілі болғандай, Алматы облысында екі әйел кәмелетке толмаған қызды алдап үйінен шығарып, күштеп алып кеткен. Олардың бірі әкімдікте қызмет істейтіні айтылды.
Алматы облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Қазіргі таңда күдікті екі әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, қылмысқа ересек әйелдің қызғанышы себеп болған. Анасы қызына жасалған жантүршігерлік әрекеттерді баяндап берді: күдіктілер қыздың денесіне тұтатылған шылым басып, ұрып-соғып, өзеннің жанына апарып, басын суға батырған. Кейіннен олар жасөспірімді таяқпен қорлаған.
Әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сәйкес, күдікті 2021 жылдан бері Масақ ауылдық округі әкім аппаратының компьютерлік техника операторы болып жұмыс істеп келген.
Аталған лауазым мемлекеттік қызмет қатарына жатпайды, техникалық персонал болып саналады. Қазіргі таңда әйел қамауда отыр және сот шешімі шыққанға дейін уақытша жұмысынан шеттетілді, - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.