$ 543.24  619.89  6.78

«Бала – тағдыр, ана – тірек»: Қазақстанда отбасылық саясат пен гендерлік теңдік қай деңгейде?

Заң бар, бірақ тәжірибе әлсіз.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

“Балаға тегін сұрап шаршадым”. Бұл — жақында әлеуметтік желіде тараған жалғызбасты ананың жанайқайы. Ол танымал шенеуніктен ұл туғанын, бірақ үш жыл бойы әкелік құқықты дәлелдей алмай жүргенін айтады. Бұл – елдегі мыңдаған ананың үнсіз қайғысы. Мемлекет “отбасылық саясатты” жолға қойғанымен, шынайы өмірде аналар мен балалардың құқықтары жиі аяққа тапталады. Жарнамаға толы өмір салты, толық отбасының “инстаграмдық идеалы”, балаға қарау — тек ананың міндеті деген ескі түсінік заманауи қоғаммен жиі қақтығысады. Ал осы тұста: Қазақстанда отбасылық саясат шын мәнінде бар ма? Гендерлік теңдік туралы түсінігіміз қандай деңгейде?

 Заң бар, бірақ тәжірибе әлсіз

 Қазақстанда “Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы (2030 жылға дейін)” атты мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Онда ана мен баланы қорғау, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ер мен әйелдің тең мүмкіндігін қамтамасыз ету міндеті айқын жазылған. Бірақ сарапшылардың айтуынша, заң бар жерде үміт бар демесек, тәжірибеде бәрі бірдей емес.

Мемлекеттік саясатта қандай өзгеріс бар?

• Әлеуметтік осал отбасыларға арналған «Отбасы орталықтары» барлық өңірде ашылып жатыр;

• Аналарды босанғаннан кейінгі психологиялық күйзелістен қорғау үшін перинаталдық қолдау орталықтары енгізілуде;

• Ер адамдарға арналған ата-аналық курс пилоттық жоба ретінде іске қосылды.

Жанар Секербаева, құқық қорғаушы, “Feminita” бастамасының негізін қалаушы:

«Гендерлік теңдік — ер мен әйелдің бірдей болуын емес, бірдей мүмкіндігі болуын білдіреді. Бізде әйелдердің еңбек нарығындағы жалақысы әлі де төмен, отбасындағы рөлі дәстүрлі шеңберден шыға алмай жатыр. Баланы тәрбиелеу, үй шаруасын жүргізу тек әйелдің міндеті саналады. Бұл – теңдік емес, жүктеменің теңсіз бөлінуі».

Бірі жалғыз тәрбиелейді, бірі танымайды

 Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 600 мыңнан астам жалғызбасты ана, 100 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Олар көбіне алимент алмайды, заң жүзінде баланың әкесін мойындату процесі тым күрделі, моральдық әрі материалдық қысымға толы.

Ажар есімді (есімі өзгертілген) ана өзінің 4 жастағы ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр.

“Сотқа беріп едім, ДНҚ жасатуға өзі келмеді. Прокуратураға жаздым, жауап – «бұл жеке мәселе». Баламның тегі жоқ, әкесіз өсіп жатыр. Қоғам әлі де ананы кінәлайды, ал еркекке жауапкершілік жүктемейді…” – дейді ол.

Бұл — жалғыз ананың ғана емес, жүйенің әлсіздігінің көрінісі.

Гендерлік теңдік – отбасыға қауіп емес, қорған

Қазақстанда гендерлік теңдік жиі қате түсінікке ие. Бұл ұғымды тек феминизм немесе “батысқа еліктеу” деп қабылдайтындар аз емес. Ал шын мәнінде, гендерлік теңдік – отбасындағы рөлдер мен жауапкершіліктің әділ бөлінуі, әйел мен ердің шешім қабылдаудағы тең мүмкіндігі.

Әсел Қалиева, әлеуметтанушы, Назарбаев университеті:

“Әйелдердің мансап пен отбасын қатар алып жүруіне жағдай жасалмаса, демография да, қоғам да әлсірейді. Көп жағдайда әйел бәрін жалғыз көтеріп жүреді. Бұл – отбасының да, ұлттың да болашағына қауіп. Мемлекеттік балабақшалар, аналарға арналған бағдарламалар, икемді жұмыс кестесі бұлардың бәрі теңдік пен тұрақты отбасы үшін керек”, – дейді ол.

Не істеу керек?

Сарапшылар ұсынған 5 қадам

1. Жас отбасыларға психологиялық көмек пен заңдық кеңес беру орталықтарын көбейту

2. Ана мен бала құқығын қорғайтын нақты механизмдерді күшейту (мысалы, алиментті мәжбүрлеп өндіру, тегін ДНҚ тесті)

3. Мектеп бағдарламасына отбасылық сауаттылық пен қарым-қатынас мәдениетін енгізу

4. Гендерлік теңдікті насихаттайтын медиа контент жасау

5. Әйелдердің мансап жасауына кедергі келтіретін стереотиптермен күрес жүргізу

Отбасы– мемлекеттің іргетасы Отбасылық саясат – жай ғана идеология емес, бұл – мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Егер бала тегін білмей өссе, ана жалғыз күрессе, ал әке жауапкершіліктен жалтарса – бұл қоғамда үлкен жарылыс қаупін туғызады. Сол себепті де, отбасын қорғау – әркімнің жеке шаруасы емес, бұл – мемлекеттің, заңның және қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары