Ол еліміздегі кейбір аймақтарда «статистика бұзылмасын» деген сылтаумен ауыр диагноздарды әдейі тіркемейтін жағдайлар болатынын да айтып өтті.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов денсаулық сақтау саласындағы жүйелік олқылықтарды сынға алып, нақты мысалдар келтіре отырып, медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Мәжілістің жалпы отырысында сөз алған депутат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен тыс қалған азаматтардың жағдайына тоқталды. Ол Семей қаласынан шыққан жігіттің тағдырын мысал етіп, ауруханалар мен медициналық мекемелерде дұрыс диагноз қойылмауының салдарын сөз етті.
"Заң жобасында тек науқастың өміріне нақты қауіп төнген жағдайда ғана тегін шұғыл медициналық көмек көрсетіледі деп жазылған. Бірақ адам кейде қарапайым тұмаудың өзінен де көз жұмуы мүмкін. Мұндай жағдайда кім жауапты болады? Диагнозды дұрыс қоймаса, немесе жағдай шұғыл емес деп бағаланса не болады? Бұл — өте үлкен тәуекел", — деді Зайытов.
Ол еліміздегі кейбір аймақтарда «статистика бұзылмасын» деген сылтаумен ауыр диагноздарды әдейі тіркемейтін жағдайлар болатынын да айтып өтті.
"Семейде бір жігіт бар. Бір көзі мүлде көрмейді, ал екіншісі де көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Бірақ ол ешбір медициналық көмек жүйесінде тіркелмеген. Біз оған не айтуымыз керек? "Көзің көрмей қалса да, өз күніңді көр" дейміз бе? Неге осындай жағдайларға арналған нақты механизмдер қарастырылмаған?", — деп сұрақ қойды депутат Денсаулық сақтау министріне.
Министр Ақмарал Әлназарова өз кезегінде депутат көтерген мәселелердің өзектілігін мойындап, шұғыл медициналық көмек көрсету ережелерін нақтылап өтті.
"Шұғыл жағдайда көмек көрсетіледі деген талап жедел жәрдемге қатысы жоқ. Жедел жәрдем бұрынғы тәртіп бойынша барлық азаматтарға қолжетімді болып қала береді. Бұл талап негізінен ауруханаға жатқызу үдерісіне қатысты. Егер науқастың өміріне қауіп төніп тұрса, ол арнайы тізім бойынша сараланып, стационарға жатқызылады", — деді министр.