Еске салсақ, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қоғамдық ортада балағат сөз қолдану жауапкершілікке әкеп соғады.
Қазақ шоу-бизнесіндегі әзілкеш әрі актер Нұрболхан Шарапов әлеуметтік желіде өзіне сын айтқан қолданушыларға ауыр сөздер айтып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Мәдениет саласының өкілі саналатын актердің отандастарын балағаттауы желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушыларының жазуынша, Нұрболхан Шарапов Threads платформасында пікір қалдырған азаматтарға ар-намысты қорлайтын, былапыт сөздер жазған. Осыдан кейін актерге қарсы хейт күшейіп, оның әрекеті қоғам тарапынан сынға ұшырады. Алайда әзілкеш сынға сабырмен жауап берудің орнына, қарсы пікір білдіргендерді тағы да ауыр сөздермен сықпырта жөнелген.
Сондай-ақ ол жақында коуч Құралай Ошақбаеваның «Отанымды жемей, киноға барыңдар» деген даулы сөзіне қатысты пікір білдіріп, бұл сөзді «дұрыс түсінбей қалғандарға» өзінше түсіндірме берген. Алайда бұл әрекеті де желі қолданушыларының ашуын баса қойған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін де Нұрболхан Шараповтың аты дау-дамайға іліккен. Бірнеше жыл бұрын тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы оны жеке басына тіл тигізді деп айыптап, сотқа жүгінген болатын.
Еске салсақ, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қоғамдық ортада балағат сөз қолдану жауапкершілікке әкеп соғады. Егер адам көпшілік орында немесе ашық платформаларда өзгелерді қорлап, қоғамдық тәртіпті бұзса, бұл әрекет ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады.
Мұндай құқықбұзушылық үшін:
20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 69 мың теңге) көлемінде айыппұл,
немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіде жарияланған балағат сөздер де дәл осындай жауапкершілікке жатады. Егер жазба көпшілікке ашық болып, өзге азаматтардың құқықтары мен тыныштығын бұзса, автор заң алдында жауап беруі мүмкін.