Оның сөзінше, бұл шешімді қабылдау оған оңай болмаған.
Қазақстандық журналист Жанар Байсеміз қасына шаш трансплантациясы процедурасын жасатты. Ол бұл туралы Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналистің айтуынша, әр қасына 400-ден, барлығы 800 түп шаш түбірі (фолликул) отырғызылған. Ота таңғы 8-де басталып, тек түсте аяқталған. Оның сөзінше, бұл шешімді қабылдау оған оңай болмаған.
«Бастапқыда бұл процедураны оңай нәрсе деп ойладым – шашымды қиып, қасқа отырғыза салады деп... Бірақ олар шаштың “луковицасын”, яғни түбірін алады екен. Отадан кейін желкем тас болып қатты, ал қасым ісіп кетті. Түрім қорқынышты болды», – деп жазды ол.
Жанар Байсеміз бұрынғы татуаждан арылу үшін екі рет лазерлік тазарту процедурасын жасағанын, бірақ үшінші сеансқа шыдамай, шаш трансплантациясына көшкенін айтты. Сол себепті қазіргі қасының формасы сәл төмен орналасқан.
«Егер татуаж болмағанда, қасым қарлығаштың қанатындай әдемі болар еді. Визажист бет пішініме қарап, осындай форма дұрыс деді. Бәрін өлшеп, нақтылап барып жасады», – дейді журналист.
Отадан кейін Жанардың қасы мен желкесі қатты ауырған. Қазір ол арнайы дәрі қабылдап, күтім кезеңінен өтіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 3–4 айдан кейін қас толығып, табиғи қалыпқа келеді. Осы кезеңде журналист жұрт алдына шықпау туралы шешім қабылдаған.
«Дәкені күнде ауыстырып тұрамын, 7 күн бойы шаш жууға болмайды», – дейді ол.