24.11.2026, 18:00

Өзбекстан елтаңбасындағы ел атауы өзгеруі мүмкін

Фото: gov.uz

Бұл өзгерістер латын графикасына негізделген жаңартылған әліпбиді енгізу жөніндегі үкімет қаулысының жобасында қарастырылған.

Өзбекстанда мемлекеттік елтаңба мен наградалардағы жазуларды жаңартылған әліпбиге сәйкестендіру ұсынылды. Ұсыныс мақұлданса, елтаңбадағы «O‘zbekiston» жазуы «Özbekiston» болып өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Podrobno.uz хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Басылымның мәліметінше, бұл өзгерістер латын графикасына негізделген жаңартылған әліпбиді енгізу жөніндегі үкімет қаулысының жобасында қарастырылған. Мемлекеттік органдар тиісті құжаттарды 2027 жылдың сәуіріне дейін әзірлеп, маусымға дейін келісіп, Министрлер кабинетінің қарауына ұсынуы тиіс.

Жаңартылған әліпбиде O‘ o‘ орнына Ö ö, G‘ g‘ орнына Ğ ğ, Sh sh орнына Ş ş, ал Ch ch орнына Ç ç қолданылады. Осы өзгерістерге сай мемлекеттік ордендер мен медальдардағы жазуларды да жаңарту көзделіп отыр. Олардың нақты үлгісі жобада көрсетілмеген. Қазір жазуларды жаңа әліпбиге сәйкестендіру үшін құқықтық түзетулер әзірлеу жоспарланған.

Podrobno.uz дерегінше, әліпбиге өзгеріс енгізу туралы заң 2026 жылғы 21 қазанда қабылданған. Жаңа әліпбиде 28 әріп пен бір апостроф белгісі болады.

Өзбекстан елтаңбасындағы жазу 2010 жылғы желтоқсанда да өзгерген. Сол кезде кирилл графикасындағы «Ўзбекистон» атауы латын графикасындағы «O‘zbekiston» нұсқасына ауыстырылды. Ұсыныс мақұлданса, бұл тәуелсіздік жылдарында елтаңбадағы ел атауының екінші рет өзгеруі болмақ.