Түркияның Әділет министрі Акын Гүрлек оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Түркияның туристер жиі баратын Каппадокия өңірінде табиғи жартас опырылып, қайғылы оқиға болды. Соңғы мәлімет бойынша, екі адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 29 қазанда Невшехир провинциясындағы Гөреме елді мекенінде тіркелген. Туристер арасында ерекше пішінімен танымал «сиқырлы мұржалар» деп аталатын табиғи жартас құрылымдарының бірі құлаған.
Жартастан бөлінген ірі тастар Гөреме ашық аспан астындағы музейінің маңына опырылып түсіп, сол жерде жүрген адамдарды басып қалған.
Жергілікті билік қайғылы жағдайға бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Невшехир губернаторы Хусейн Көк оқиғаның жергілікті уақыт бойынша сағат 15:15 шамасында болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қатты жауын-шашын салдарынан топырақ көшкіні жүріп, жартастың бір бөлігі опырылған.
Алғашқы құтқару жұмыстары кезінде екі адамның денесі табылып, бір зардап шегуші ауруханаға жеткізілген. Кейін TRT Haber телеарнасы екі адамның қаза тауып, бес адамның жарақат алғанын хабарлады.
Оқиға орнына полиция, жандармерия, AFAD табиғи апаттардың салдарын жою агенттігі мен медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдардың бар-жоғын анықтау үшін іздестіру жұмыстарын жалғастырған.
Түркияның Әділет министрі Акын Гүрлек оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Невшехир прокуратурасы істі тексеру үшін прокурорларды тағайындаған.