$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Қырғызстанда экс-президенттің ұлы билікті басып алу ісі бойынша сотталды

Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық ісін қарады.

Фото: 24kg
Фото: 24kg

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев билікті басып алуға дайындалу ісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық ісін қарады. Сот үкімімен 33 жастағы Қадырбек Атамбаев кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға сотталды.

Іс бойынша «Социал-демократтар» партиясының жетекшісі Темирлан Сұлтанбеков те 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Бұған қоса, бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп, оған жалпы 7 жыл жаза тағайындалды.

Эрмек Эрматов 2 жылға сотталды. Алайда оған пробация қолданылып, түрмеде жазасын өтеуден босатылды. Кубанычбек Кадыров ақталды. Жениш Абдрахманов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Серикбай Кубаланбек уулу жазадан босатылып, Қазақстанға шығарылды.

Іс бойынша айыпталушылар 2025 жылдың қараша айының соңында ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар парламент депутаттарының мерзімінен бұрын өткен сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметін 2011-2017 жылдары атқарған. 2020 жылы ол жер телімдерін заңсыз иемдену, заңсыз баю және 2019 жылғы тәртіпсіздіктерге қатысу бойынша 11 жыл 6 айға сотталған. 2023 жылы түрмеден босатылып, емделу үшін шетелге шығуына рұқсат берілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0