04.09.2026, 10:40

Непалда су тасқынынан 22 мыңнан астам бала шұғыл көмекке мұқтаж

Фото: ЮНИСЕФ

Табиғи апат салдарынан су құбыры жүйелері мен санитарлық нысандар қираған.

Непалда болған су тасқыны салдарынан ондаған мың бала таза ауызсу мен санитарлық жағдайға қол жеткізе алмай отыр. ЮНИСЕФ мәліметінше, қазіргі уақытта 22 мыңнан астам бала жұқпалы аурулардың таралу қаупіне байланысты шұғыл көмекке мұқтаж,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Табиғи апат салдарынан су құбыры жүйелері мен санитарлық нысандар қираған. Зардап шеккен отбасылар уақытша орналастыру орталықтарына немесе туыстары мен көршілерінің үйлеріне бас сауғалаған. Бұл жағдай су арқылы таралатын инфекциялардың қаупін арттырып отыр.

«Әрбір ата-ана бір ғана сұрақ қояды: суды қайдан алуға болады және оны балаларға беруге қауіпсіз бе?» – деді ЮНИСЕФ-тің Непалдағы өкілі Алиса Акунга.

Оның айтуынша, халықты таза сумен және қажетті гигиеналық жағдаймен қамтамасыз ету ұйымның басты міндеттерінің біріне айналған.

ЮНИСЕФ Расува және Нувакот аудандарындағы шамамен 19 мың адамға көмек жеткізген. Зардап шеккендерге гигиеналық жинақтар, суға арналған канистрлер мен шелектер, кружкалар, суды тазартуға арналған ерітінділер және брезенттер таратылды.

Сонымен қатар ұйым мемлекеттік органдармен және серіктестерімен бірлесіп, радио, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қауіпсіздік және гигиена талаптары туралы ақпарат таратып жатыр. Көмек көрсету жұмыстарына 600-ден астам маман тартылған.

Алдағы уақытта ЮНИСЕФ шұғыл су жеткізуді кеңейтіп, уақытша санитарлық нысандар мен қол жуу орындарын орнатуды және зардап шеккен отбасыларды қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.