$ 458.57 € 501.54 ₽ 5.57

«Головкиннен озсам деген мақсатым бар»: Төрехан Сабырхан алдағы жоспары туралы (ВИДЕО)

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алған сәтте жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырағанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ ол Абылайхан Жүсіповпен қарым-қатынасы, АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны және кәсіпқой бокстағы мақсаты туралы пікір білдірді. 

Ол «Sport Talks» подкастына берген сұхбатында Азия ойындарына Абылайхан Жүсіповтің орнына өзі баратыны белгілі болғанда көпшіліктің қарсылығына тап болғанын жеткізді.

“Азия ойындарына Абылайхан аға емес, менің баратыным белгілі болғанда хейт қатты болды. Жекеме де жазып жатты. Абылайхан аға да мықты боксшы. Дәрежесі өте жоғары. Оқу-жаттығу жиындарында жұдырықтасып, біре дайындалдық. Нұржан ағайдың шешімі осылай болды. Егер, мен Азия ойындарына бармай қалсам, жанкүйерлерімнің сенімін ақтамай қалатын едім. Қалай да Азия ойындарына бару керек, шоу жасайтыным, атым бар, соны сақтап қалу керек деп ойладым. Жаттығу барысында қатты еңбектендім, үмітімді үзбедім. Менің баратыным белгілі болғаннан бастап тек Ишаишті ойладым. Кеткен есемді қалай да болсын қайтарамын дедім. Абылайхан ағамен рингтің ішінде ғана қарсыласпын. Оның сыртында ол — менің ағам. Ол кісіде тәртіп, тұрақтылық жағы керемет”, — дейді ол. 

Сондай-ақ Төрехан Сабырхан спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталды. 

“Мемлекет басшысы спортты қолдайды. Спорт министрі Ербол ағамыз да барлық спортшыларға жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Сондай ағаларымыз бар кезде спорт дамиды деген сенімдімін. Федерация басшысы Шахмұрат Мүтәліп ағамыз ба керемет жағдай жасап жатыр. Азия ойындарының алдында барлық қыз-жігіттер АҚШ-та жаттығу жасап келдік. Маған Америка физикалық тұрғыдан, жылдамдық жағынан қатты ұнады. Пайдасын да берді. Америкада жалпы бокс жақсы дамыған. Ағайынды Камачолармен тағы да жаттығу жасап, жылдамдығымызды, күшімізді нығайтсақ деп ойлаймын”, — дейді Төрехан Сабырхан. 

Бұдан бөлек, боксшы кәсіпқой рингтегі жоспары туралы да айтты. Айтуынша, оның мақсаты – Геннадий Головкиннен де танымал болу.

“Қазір бокс әлемінде Геннадий Головкинді жақсы таниды. Кәсіпқой бокста өзін көрсеткен боксшы. Алла қаласа енді мен содан озсам деген мақсатым бар. Бұйырса, алдымен олимпиада чемпионы болуым керек. Одан кейін кәсіпқой бокстағы промоушендер өздері келеді. Өзім алдарына барғым келмейді. Олар маған келгенін қалаймын», – деді Төрехан Сабырхан. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0