26.11.2026, 13:00

«Соққысы жойқын»: Қуат Хамитов Еркебұлан Тоқтардың қабілетіне таңғалды (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/kuat__khamitov/erkebulan_toktar/

Спаррингтен кейін Хамитов Еркебұлан Тоқтардың физикалық дайындығы мен бокс деңгейін ерекше атап өтті. 

Қазақстандық танымал файтер Қуат Хамитов актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтармен өткен спаррингтен кейін оның жекпе-жек шеберлігіне жоғары баға берді. Тәжірибелі спортшы Тоқтардың дайындығы мен соққы күшіне таңғалғанын жасырмады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Осы аптада Қуат Хамитов пен Еркебұлан Тоқтар жұдырықтасудан спарринг өткізген. Хамитовтың айтуынша, бұл кездесуді өзі ұсынған. Себебі ол алдағы жекпе-жекке дайындық кезінде белгілі бір тактиканы сынап көргісі келген.

«Душанбедегі соңғы жекпе-жегімнен кейін бабымды жоғалтпай, 12 желтоқсанда өтетін жұдырықтасу кездесуіне қатысуды жоспарладым. Дайындық барысында арнайы тактика әзірледім. Алайда кейін жекпе-жек өтпейтін болды. Сол тактиканың қаншалықты тиімді екенін тексеру үшін Еркебұланға хабарласып, спарринг өткізуді ұсындым», – деді файтер.

Спаррингтен кейін Хамитов Еркебұлан Тоқтардың физикалық дайындығы мен бокс деңгейін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, актердің қарқынына көптеген кәсіби файтер де төтеп бере алмауы мүмкін.

«Оның дайындығы жақсы екен. Көптеген кәсіби файтер мұндай қарқынға шыдамауы мүмкін. Бірақ ол соңына дейін жұмыс істеп, мені таңғалдырды. Бокс деңгейі жоғары. Қарсыластарын неліктен нокаутқа түсіретінін өзім де сезіндім. Соққысы өте жойқын», – деп пікір білдірді Қуат Хамитов.

Айта кетейік, бұған дейін файтер Еркебұлан Тоқтармен өткізген спаррингінен видео жариялап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді.