Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов жас кезінде UFC-ге қабылдануға бір табан жақын болғанын, алайда белгілі себептермен келісімшартқа қойылмағанын айтты. «Наш боец» Youtube-каналына сұхбат берген файтер өзін Азиядағы номері бірінші MMA жауынгері болғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Осыдан он жыл бұрын – 2016 жылы мен дайын болдым. Нағыз бабымда едім. Қатарынан алты жекпе-жекте жеңіп, үлкен нәтижеге қол жеткіздім. Неге UFC емес, неге Fight Nights лигасын таңдадың деп сұрайды менен. Сол уақытта Fight Matrix лигасында жүргенмін, жеңіл салмақта Азиядағы ең үздік файтер едім. Бірде UFC-де ауыр салмақта уақытша чемпион болған Шейн Карвин хабарласты, ол маған UFC-мен келісімшарт жасасуға көмектесетінін айтты. Келіссөз жүрді, барлық тарап келісімге келді, енді контрактке қол қоятын кезде UFC жобасын қожайындары 4 млрд долларға сатып жіберді. Сонымен менің келісімшартым жайына қалды, қол қоюы тиіс адамдардың бәрі қызметінен кетті. Содан амал жоқ, Fight Nights лигасымен жұмысты жалғастырдым»