24.11.2026, 18:20

UFC жеңілістен кейін Асу Алмабаевқа қатысты шешім қабылдады

Фото: видеодан скрин

Асу көшбасшылардан алыстаған сайын, титулдық жекпе-жекке шығу ықтималдығы да төмендей түседі.

UFC рейтингінде үздік 15 жауынгердің қатарындағы жалғыз қазақстандық Асу Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригутиден жеңілгеннен кейін екі сатыға төмендеді. Осылайша, ол титулдық жекпе-жекке шығу мүмкіндігінен алыстай түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық файтер Қатарда өткен UFC турнирінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жапониялық қарсыласына есе жіберді. Жекпе-жектен кейін жаңартылған рейтингте Алмабаев ең жеңіл салмақ дәрежесінде алтыншы орыннан сегізінші сатыға сырғыды.

Ал Кёдзи Хоригути керісінше, рейтингте жоғарылап, алтыншы орынға жайғасты.

UFC рейтингіндегі орны жауынгердің чемпиондық белбеу үшін таласу мүмкіндігіне әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Асу көшбасшылардан алыстаған сайын, титулдық жекпе-жекке шығу ықтималдығы да төмендей түседі.

Қазақстандық жауынгерлер арасында рейтингте ең жоғары көрсеткішке бұған дейін Шавкат Рахмонов қол жеткізген. Ол жарақатына байланысты үзіліске шыққанға дейін өз салмағында екінші орында тұрған әрі титулдық кездесуге ұсыныс алған еді.

Айта кетейік, Асу Алмабаев UFC Meta рейтингінде де жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бесінші орынға дейін көтерілген.

Тегтер: Асу Алмабаев