$ 455.12 € 498.99 ₽ 5.55

Елена Рыбакина ESPN нұсқасы бойынша 2026 жылдың үздік теннисшісі деп танылды

Америкалық басылым қазақстандық спортшыны жоғары бағалады.

Фото: Matthew Stockman/Getty Images
Фото: Matthew Stockman/Getty Images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ESPN нұсқасы бойынша 2026 жылдың үздік теннисшісі деп танылды. Америкалық басылым қазақстандық спортшыны әйелдер теннисіндегі маусым қорытындысы бойынша көшбасшы деп атады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

ESPN таңдауының басты себебі – Рыбакинаның бір маусымда «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирде жеңіске жетуі. Ол Australian Open және US Open жарыстарының чемпионы атанды.

Жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирінде қазақстандық теннисші Ига Швёнтек пен Джессика Пегуланы жеңіп, финалда Арина Соболенконы үш сетте ұтты – 6:4, 4:6, 6:4. Осылайша, ол 2023 жылғы Australian Open финалындағы жеңілісі үшін қарымта қайтарды.

Күзде Рыбакина US Open финалында тағы да Соболенконың осал тұсын тауып, оны жеңді. Осы нәтижеден кейін екі күн өткен соң қазақстандық теннисші беларусь спортшысын WTA рейтингінің бірінші сатысынан ығыстырды. Соболенко бұл орынды 99 апта бойы сақтап келген еді.

ESPN Нью-Йорктегі жеңістің оңай болмағанын да атап өтті. Цинциннати турнирінде ахилл сіңірінен жарақат алған Рыбакина ширек финал кезінде жарысты жалғастырудан бас тартқан. US Open басталғанға дейінгі бір аптада ол жаттығу өткізе алмаған. Соған қарамастан, жартылай финалда Кори Гауффты үш сетте жеңіп, финалда мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулын иеленді.

Маусым соңында қазақстандық спортшы Нинбодағы WTA 500 турнирінде топ жарғанымен, сырқатына байланысты WTA қорытынды турнирінен бас тартты. ESPN үздік теннисшіні анықтауда Рыбакинаның Мирра Андреевамен арадағы басымдығы аса үлкен болмағанын мойындағанымен, жыл үздігі ретінде қазақстандық спортшыны таңдаған.

Басылым 2027 жылы Рыбакинаны «Үлкен дулыға» турнирлерінің әрқайсысында жеңіске таласатын басты үміткерлердің бірі ретінде бағалап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0