Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Қытайда өтіп жатқан Гран-при кезеңінде қысқа бағдарламасын орындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жұма күні Шэньчжэнь қаласында ерлер арасындағы жекелей сында спортшылар қысқа бағдарламаларын ұсынды. Мұз айдынына соңғы болып шыққан 22 жастағы қазақстандық спортшы төрт айналымды лутц секіруінен кейін қону кезінде қателік жіберді. Алайда кейін үш айналымды аксельді, сондай-ақ төрт және үш айналымды тулуптардан тұратын каскадты сәтті орындады.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша Шайдоров 94,87 ұпай жинап, бесінші орынға жайғасты. Осы нәтижесімен ол еркін бағдарлама алдындағы үздік топқа енді.
Аралық көшбасшы — жапониялық Као Миура (102,90 ұпай). Оның отандасы Сюн Сато 101,97 ұпаймен екінші орында тұр. Ал бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жатқан ресейлік Евгений Семененко (99,72) мен Владислав Дикиджи (98,86) үшінші және төртінші орындарды иеленді.
Ерлер арасындағы еркін бағдарлама 8 қараша күні Қазақстан уақытымен сағат 10:00-де басталады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров соңғы үш маусымда Қытайда өткен жарыстардың барлығында жүлдегер атанған. Оның еншісінде бір күміс және екі қола медаль бар. Ал биылғы Гран-при сериясының Францияның Анже қаласында өткен кезеңінде қазақстандық спортшы оныншы орынға тұрақтаған.