Тартысты өткен кездесуде Қызайбай 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай Таразда өткен ел чемпионатының финалында шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласының атынан сынға түскен боксшы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін Шымкент өкілі Элина Базаровамен жұдырықтасты. Тартысты өткен кездесуде Қызайбай 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, Базарова Қазақстан чемпионы атанса, Назым Қызайбай күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Назым Қызайбай — бокстан үш дүркін әлем чемпионы және 2024 жылғы Азия чемпионы. Ол бұған дейін де Қазақстан чемпионатында бірнеше рет топ жарған.
Ал Элина Базарова ұлттық құрама сапында өнер көрсету тәжірибесіне ие. Ол 2026 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында 1/8 финалға дейін жеткен.