39 жастағы вингер кәсіби мансабын қайта жалғастырып, бір маусымды "Ақтөбе" сапында өткізді.
"Ақтөбе" клубының португалиялық футболшысы Луиш Нани желідегі ресми парақшасында жазба жариялап, қазақстандық жанкүйерлермен қоштасты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
39 жастағы вингер кәсіби мансабын қайта жалғастырып, бір маусымды "Ақтөбе" сапында өткізді.
Алматылық "Қайратпен" өз алаңында өткен тең ойыннан (2:2) кейін португалиялық футболшы Ақтөбемен және жергілікті команда жанкүйерлерімен қоштасты.
"Бұл менің Ақтөбеде өз алаңымызда өткізген соңғы матчым болды. Бұл қызықты кезең де аяқталып қалды. Дегенмен біз қандай керемет жолды бірге жүріп өттік! Осы бір тамаша клубтағы барша жанға, осы қала мен күллі Қазақстанның ақжарқын тұрғындарына бірге өткізген әрбір сәт пен маған сыйлаған қуаныштары үшін алғыс айтамын.
Лигада тағы бір матчымыз қалды, бірақ мен қазірдің өзінде бұл кезеңдегі жып-жылы сәттер мен естеліктер мәңгілік жадымда қалады деп айта аламын", - деп жазды Нани Instagram-дағы парақшасында.
Атақты футболшы ҚПЛ-дегі 22 кездесуде бір гол соғып, төрт нәтижелі пас берді. Сондай-ақ ол Қазақстан кубогының екі матчында тағы екі рет мергендігімен көзге түсті.