$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

Сәкен Бибосынов ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жаттығу кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Боксшының омыртқасына зақым келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аслан Қаженовтің айтуынша, осы жағдайға байланысты Бибосынов 29 қазанда Таразда басталатын Қазақстан чемпионатына қатыспайды.

«Өкінішке қарай, кеше жаттығу барысында ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Омыртқасына зақым келді. Тезірек сауығып кетуін тілейміз», — деп жазды Аслан Қаженов.

Сәкен Бибосынов — Қазақстан құрамасының жетекші боксшыларының бірі. Оның әуесқой бокстағы соңғы ірі жетістігі 2025 жылғы желтоқсанда тіркелді. Сол кезде отандасымыз IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Финалда ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңді.

Кәсіпқой бокста да жеңіліс көрмеген Бибосыновтың еншісінде үш жеңіс бар. Ол соңғы жекпе-жегін 28 тамызда Астанада өткізіп, Намибия өкілі, WBO Africa чемпионы Иммануэль Джозефті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген.

Айта кетейік, бокстан Қазақстан чемпионаты 29 қазанда Таразда басталады. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға үміткерлер анықталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0