$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Месси ұлттық құрамамен қоштасып, әсерлі жазба жариялады (ФОТО)

Месси бұл жетістіктерге отбасының қолдауынсыз жете алмас еді деп атап өтті. 

Фото: Инстаграм
Фото: Инстаграм

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси ұлттық команда сапындағы соңғы матчынан кейін әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Футболшы өз жазбасында Аргентина құрамасындағы жылдарын еске алып, ақ-көгілдір жейдені сағынатынын жеткізді.

«Кеше менің соңғы матчім өтті, мен қазірдің өзінде құраманың ақ-көгілдір жейдесін сағынып жүрмін. Дұрыс шешім қабылдағанымды білемін. Бұл қуаныш пен мұңға толы ғажайып жол болды, бірақ мен әр басқан қадамымның соған тұрарлық болғанына сенімдімін. Әлі де айтқым келетін нәрсе көп. Барлық сезімімді бірнеше ауыз сөзбен немесе бір жазбамен жеткізу мүмкін емес», – деп атап өтті ол.

Месси бұл жетістіктерге отбасының қолдауынсыз жете алмас еді деп атап өтті. Сондай-ақ ол достарына, ұлттық құрамадағы әріптестеріне, жаттықтырушылар мен олардың штабтарына алғысын білдірді.

«Сондай-ақ достарымның, командадағы барлық әріптесім мен бірге жұмыс істеген жаттықтырушылардың, олардың штабтарының көмегінсіз де бұл нәтижеге жете алмас едім. Еліміздің лайықты орынға ие болуына көмектескен Диегоны (Марадона – ред. ескертпесі) ұмытқым келмейді. Ол бізге әрқашан – осында жанымызда жүріп те, көктен қарап та жолымыздың әр қадамында қолдау көрсетті», – деп жазды Месси.

Футболшы өзі өнер көрсеткен клубтарға да алғыс айтып, ұлттық құрамаға бар күшін салуға мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдірді.

«Әрине, Жаратқанға рахмет: Оның жол көрсетуінсіз және қалауынсыз біз мұндай биікке жетуді армандай да алмас едік. Мен ризамын. Сіздерді қатты жақсы көремін, сағынамын және әрқашан бізбен бірге, менің қасымда болғандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деп толықтырды құраманың бұрынғы капитаны. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0