22.09.2026, 16:00

«Қазір жекпе-жек өткізейік»: WBC чемпионы Жәнібекке ұсыныс жасады

Фото: Әлеуметтік желі

Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсеткен кезінде Адамеспен чемпиондық белбеулерді біріктіретін жекпе-жек өткізуге бірнеше рет ұсыныс жасаған.

Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына жекпе-жек өткізуді ұсынды. Доминикандық боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында қазақстандық спортшыға тікелей үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Адамес X әлеуметтік желісінде Әлімханұлының парақшасын белгілеп:

«Эй, сен қазір таза жүрсің бе? Қазір жекпе-жек өткізгің келе ме? Дайынсың ба? Ендеше жасайық», – деп жазды.

Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсеткен кезінде Адамеспен чемпиондық белбеулерді біріктіретін жекпе-жек өткізуге бірнеше рет ұсыныс жасаған. Ол WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпион атанса, Адамес WBC титулын иеленді.

Боксшылар арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға тараптар 2025 жылдың күзінде барынша жақын келді. Турки Әл аш-Шейх кездесуді өткізуге дайын екенін мәлімдегенімен, келіссөздер нақты келісіммен аяқталмады.

Допингке байланысты дисквалификациясының мерзімі аяқталғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа көтерілді. Қазақстандық боксшы кәсіби мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 12-сі нокаутпен аяқталған.

Ал Карлос Адаместің қоржынында 25 жеңіс, бір жеңіліс және бір тең нәтиже бар. WBC чемпионы 18 жекпе-жекте қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.