$ 446.56  512.34  5.3

Хамза Шираз Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартып, чемпиондық белбеуін босатты

Фото: Әлеуметтік желі
Фото: Әлеуметтік желі

Британиялық боксшы Хамза Шираз WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Шираздың өкілі Queensberry Promotions ұйымға жазбаша хабарлама жолдаған. Онда боксшының промоутерлік сауда қорытындысы бойынша белгіленген шарттарды қарастырып, міндетті қарсыласы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуден бас тартқаны айтылған.

Осы шешімнен кейін Хамза Шираз WBO чемпиондық белбеуін босатты.

«WBO Хамза Шираз бен оның командасының шешімін мойындайды және құрметтейді. Сондай-ақ боксшылар мен олардың командаларының спортшының мүддесіне сай кәсіби мансабына қатысты шешім қабылдау құқығын қолдайды», — делінген ұйым мәлімдемесінде.

Енді екінші орта салмақтағы чемпиондық атақтың тағдырын WBO-ның Чемпиондық комитеті шешеді. Арнайы қаулы 21 қыркүйек, дүйсенбі күні жарияланады. Сол кезде дивизиондағы әрі қарайғы жағдай да анықталмақ.

Шираздың белбеуден бас тартуы Жәнібек Әлімханұлы автоматты түрде әлем чемпионы атанды дегенді білдірмейді. Қазақстандық боксшыға атақтың бірден берілуі немесе оның чемпиондық белбеу үшін басқа қарсыласпен жұдырықтасуы туралы шешімді WBO қабылдайды.

Хамза Шираз кәсіпқой бокста 25 кездесу өткізіп, 24 рет жеңіске жеткен және бір жекпе-жегін тең аяқтаған. Оның 19 жеңісі нокаутпен тіркелген. Ал Жәнібек Әлімханұлы 17 кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, 12 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0