$ 462.31  536.09  5.34

«Қырғыз ағайын артымызды ашты»: Журналист спорт саласындағы тағы бір былықты айтты

Фото: коллаж Sn.kz
Фото: коллаж Sn.kz

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Бішкекте өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ашылған стадионға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан мен Қырғызстандағы спорт нысандарының құрылысына жұмсалған қаражат пен олардың сыйымдылығын салыстырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналист әлеуметтік желідегі жазбасында Бішкекте жаңадан пайдалануға берілген Орталық Азиядағы ең ірі стадионға арнайы барғанын атап өтті.

«Арттарымызды ашып тастады!

Бішкек төрінде Орталық Азиядағы ең үлкен стадион қолданысқа берілді. Спорттық нысанға арнайы барып қайттым. Сәулеті де, сапасы да көңілден шықты. Керемет салынған.

Бюджеті – 60 миллион доллар. Сыйымдылығы – 51 мың адам. Құрылысы үш жылға созылған», – деп жазды Аслан Қаженов.

Ол бұл нысанды Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионмен салыстырды.

«Дәл осы уақытта параллель Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы жүріп жатты. Ол да жуырда қолданысқа берілді. Оның бюджеті – 37 миллион доллар. Ал сыйымдылығы – 3 600 орын.

Енді салыстырып көріңіз. Қырғыздар 60 миллион долларға 51 мың орындық стадион салса, қазақтар 37 миллион долларға кемінде 30 мың орындық стадион салуы керек қой. По факту, біздегісі он есе кіші болып тұр», – деді журналист.

Аслан Қаженов стадиондардың құны мен сыйымдылығы арасындағы айырмашылыққа қатысты сұрақтар қойды.

«Қалай сонда? Ешқандай есепке келмейтін, ешқандай логикаға сыймайтын шешім. Ақша қайда? Алаң қайда? Кім жауап береді? Қысқасы, көрші қырғыз ағайын бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Масқара!» – деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 36
Ұнамайды 5
Күлкілі 1
Ашулы 0