Блиц турнирінде Асаубаева финалға дейін күрделі жолдан өтті.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өткен WR Women’s Chess Tour 2026 турнирінде тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Рапидте чемпион атанған отандасымыз блиц бәсекесінде күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Блиц турнирінде Асаубаева финалға дейін күрделі жолдан өтті. Қазақстандық гроссмейстер украиналық Мария Музычукпен өткен тартысты кездесуде жеңімпазды «армагеддонда» анықтап, шешуші партияда қара фигуралармен жеңіске жетті. Кейін Германия өкілі Элизабет Петцтен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Шешуші кезеңде Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесті. Тартысты өткен финал 2,5:1,5 есебімен Музычуктың пайдасына аяқталып, қазақстандық шахматшы күміс жүлдені қанағат тұтты.
Осылайша, Асаубаеваға Сен-Тропеде «алтын дубль» жасауға бір қадам жетпей қалды. Бір күн бұрын ол осы жарыстың рапид турнирінде топ жарып, чемпион атанған еді.
Бибісара жарыстан кейін блицтегі ойынның өзі күткендей болмағанын және финалға дейін үлкен күш жұмсағанын айтты.
«Блиц аяқталды. Финалға мінездің арқасында жеттім деуге болады, өйткені ойын аса жүрмеді. Мария Музычукпен екі кездесуде де есепті қуып жетуге тура келді, тек армагеддонда қара фигуралармен жеңдім. Ал үшінші матчта Анна Музычукке минималды есеппен есе жібердім. Демаламын деп ойлаған едім, бірақ шынымды айтсам, қатты шаршадым», – деді Асаубаева.
Сен-Тропедегі нәтижелер қазақстандық шахматшыға тағы бір маңызды мүмкіндік сыйлады. Асаубаева WR Women’s Chess Tour турнирінің қараша айында Германияда өтетін Гранд-финалына жолдама алды.
Оның айтуынша, соңғы апталар өте тығыз өткен. Қазақстандық гроссмейстер Францияға АҚШ-тағы Cairns Cup турнирінен кейін бірден келген.
«Соңғы апталар өте қарқынды өтті – шахмат та, ұшу да, эмоция да көп болды. Жалпы, сапар сәтті өтті», – деді ол.
Осылайша, Асаубаева Сен-Тропедегі жарысты рапидтің алтын және блицтің күміс жүлдесімен аяқтап, WR Women’s Chess Tour Гранд-финалына қатысу құқығына ие болды.