Бұл спортқа барымды бердім
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері, Oktagon лигасының чемпионы Жалғас Жұмағұлов спорттық мансабын аяқтау мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Танымал файтер әлеуметтік желідегі парақшасында UFC ұйымына қайта оралуды қалайтынын айтты.
«Мен UFC-де болдым. Қайтадан шыңға көтеріліп, үздіктер қатарында екенімді дәлелдедім. Егер UFC-ге оралу тағдырымда болмаса, онда мансабымды аяқтау туралы шындап ойланамын. Өкінбеймін. Бұл спортқа барымды бердім», – деп жазды Жұмағұлов.
Еске салайық, жуырда Братислава қаласында өткен Oktagon турнирінде Жұмағұлов бразилиялық Игор Севериномен кездескен болатын. Қазақстандық спортшы екінші чемпиондық белбеуін жеңіп алуды көздеген еді.
Алайда жекпе-жек екінші раундта мерзімінен бұрын тоқтатылды. Себебі Северино қарсыласына тыйым салынған соққы жасап, Жұмағұловты шап тұсынан ұрған. Осыған байланысты кездесу нәтижесі жарамсыз деп танылды.