"Адал жанкүйер үшін мұндай көңіл бөлу өте бағалы".
«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев көпшілікке жақсы таныс жанкүйер Дмитрий Чекаевқа ерекше тосынсый жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Қайраттың» ойындарын үзбей тамашалап, командаға ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқан Дмитрий Чекаев туған күніне орай күтпеген сыйлық алғанын әлеуметтік желіде бөлісті. Оның айтуынша, клубтың жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев арнайы құттықтап, естелік сыйлықтар табыстаған.
Жанкүйерге футболшының қолтаңбасы қойылған 10-нөмірлі сары-қара жейде, жеке құттықтау хаты, мерекелік торт пен тәттілер, сондай-ақ сыйлық конверті берілген.
Дмитрий Чекаев мұндай құрметтің өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, Дастан Сәтпаевқа шынайы ықыласы мен жанкүйерлерге көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді.
«Адал жанкүйер үшін мұндай көңіл бөлу өте бағалы. Дастанға жылы лебізі мен керемет тосынсыйы үшін рақмет. Алаңдағы жаңа жеңістерін күтеміз», – деп жазды ол.