$ 489.33  566.3  6.74

Шавкат Рахмонов UFC-дің Бакудегі турниріне қатысады

Бұл туралы қазақстандық файтерлердің бапкері Эдуард Базров мәлімдеді.

Фото: forbes.kz
Фото: forbes.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов 27 маусым күні Әзербайжанның Баку қаласында өтетін UFC турниріне қатысады. Дегенмен бұл жолы ол октагонға жекпе-жек өткізу үшін емес, отандасы Асу Алмабаевтың секунданты ретінде барады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы қазақстандық файтерлердің бапкері Эдуард Базров мәлімдеді.

Маманның айтуынша, команда жоспарға сай дайындалып жатыр және Шавкат Рахмоновтың Бакуге баратыны нақты бекітілген.

«Дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Біз 4 маусымда келдік. Барлығы осында: Әліби Ыдырыс, Санжар Әділов. Шавкатқа келетін болсақ, секундант мәселесі өзгерген жоқ. Шавкат жүз пайыз Бакуге барады», – деді Базров.

Сондай-ақ бапкер Асу Алмабаевтың дайындығы туралы айтып, оның алдағы қарсыласы Чарльз Джонсонның негізгі артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, америкалық спортшының басты күшті тұстары – төзімділігі мен аяқпен жұмыс істеу деңгейі.

«Қарсыласымыздың өте төзімді екенін білеміз. Соққы техникасы да жаман емес, өз стилін жүргізе алады. Мұны оның Жалғас Жұмағұлов пен Азат Мақсұмға қарсы жекпе-жектерінен де көрдік. Оның негізгі ерекшелігі – тынысын жақсы басқарады және аяқпен өте сауатты жұмыс істейді.

Қазір дайындықтың соңғы кезеңіне кірдік. Негізгі жұмыстардың барлығы жасалды. Енді спаррингтер мен жекпе-жекке бейімдеу кезеңі жүріп жатыр. Шамамен он күннен кейін салмақ қуу басталады. Ең маңыздысы – салмақты дұрыс түсіріп, жарақатсыз октагонға шығу», – деді жаттықтырушы Tengri Sport басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, UFC турнирінде Асу Алмабаев америкалық Чарльз Джонсонмен кездеседі. Джонсон қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол бұған дейін UFC-де екі қазақстандық файтерді – Жалғас Жұмағұлов пен Азат Мақсұмды жеңген.

Сондай-ақ Бакудегі кеште тағы бір қазақстандық спортшы Бекзат Алмахан өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – бразилиялық Жан Мацумото.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0