Кеше кәсіпқой боксшының ағзасына тыйым салынған заттың қалай түскені белгілі болғанын жазған едік.
Осы оқиғаға қатысты Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Боксшының ағзасына допингтің қалай түскені туралы мәліметтер тараған соң, «Жәнібек Әлімханұлы секілді атақты спортшы неліктен жекеменшік клиника көмегіне жүгінді?» деген секілді заңды сауал туындады.
Президенттің сөзінше, 9 қаңтардан бастап федерация 4 отырыс өткізіп, 5 сәуірден (Жәнібектің соңғы жекпе-жегінің күні) бастап, жекпе-жек алдындағы тестілеуден өткенге дейінгі уақыт аралығындағы оқиғалардың хронологиясын егжей-тегжейлі қалпына келтірген. Онда әрбір жаттығу, тамақтану тәртібі, қалпына келу үдерісі және дәрумендер қабылдауы назардан тыс қалмаған. Сол кезде ғана Әлімханұлының мамыр айында денсаулығының нашарлауына байланысты мәжбүрлі түрде жекеменшік клиникаға барып, мельдонийі бар екпе алғаны анықталған.
– Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және медициналық көмек алуға құқығы кепілдендірілген. Бұл құқықтан ешкім айыра алмайды. Аталған жағдайда спорттық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында тыйым салынған затты әдейі қолдану ниеті болмаған. Зат спортшының ағзасына өмірлік көрсеткіштер бойынша түскен. Спортшының өзі препарат құрамында мельдоний бар екенін білмеген. Ал тексеруден кейін емделу шұғыл түрде жүгінген медициналық мекемеде басталған. Себебі, демалыс күні болған және жағдайы жедел араласуды талап еткен, – дейді федерация басшысы.
Дәрігердің регламенттелген нормаларға және пациенттің жағдайына байланысты әрекет еткені нақтыланды.
– Сондай-ақ, тағайындалған «Репронат» препараты Қазақстанда тыйым салынбаған және ел бойынша медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылатынын, дәріханаларда еркін сатылатынын атап өткім келеді. Спорт саласына қатысы жоқ дәрігер VADA-ның тыйым салынған препараттар хаттамасын білуге міндетті емес. Тек мамандандырылған спорт дәрігерлері ғана VADA хаттамаларымен егжей-тегжейлі таныс. Себебі, олар сол бағытта жұмыс істейді. Медициналық қорытындыда көрсетілген белгілер құрамында цитопротектор ретіндегі мельдонийі бар «Рипронат» дәрісін шұғыл қолданудың дұрыстығын дәлелдейді, – деп жазды Рахымжан Ерденбеков.
ҚКБФ басшысы федерацияның сұрауынан кейін медициналық клиника толық медициналық құжат ұсынғанын да жеткізді.
– Клиника тергеу жүргізу барысында ынтымақтастыққа ашық болды. Медициналық көмекке жүгіну фактісі мемлекеттік медициналық қызметтер тізілімінде тіркелген. Бұл деректерді өтіп кеткен датамен өзгерту мүмкіндігіне жол бермейді, – дейді ол.