Михаил Шайдоровтың сөзінше, алтын медаль — оның ғана емес, ата-анасының, бапкерлерінің және спортшы үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі.
Бүгін Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады. Өз кезегінде Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Михаил Шайдоровтың сөзінше, алтын медаль — оның ғана емес, ата-анасының, бапкерлерінің және спортшы үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Ол Олимпиада алтынымен шектелмейтінін атап өтті.
— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу — мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль — менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін, — деді Михаил Шайдоров.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді.