$ 491.97  583.77  6.39

«Қасында білікті маман жоқ»: Қанат Ислам Жәнібек Әлімханұлы туралы (ВИДЕО)

Өзім де соны бастан кешіргенмін.

Қазақстандық танымал боксшы Қанат Ислам орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы төңірегіндегі допинг дауына қатысты өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл жағдай спортшының айналасында білікті мамандардың жоқтығымен тікелей байланысты. Бұл туралы ол SauBall арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Исламның сөзінше, түрлі дәрумендер мен қоспаларды спортшылардың көбі қолданады, алайда оларды бақылап, қауіп-қатерін алдын ала ескертіп отыратын кәсіби маманның болуы аса маңызды.

«Витаминді бәрі ішеді. Қазақстаннан апарғаны бар, біреудің мақтап бергені бар деген секілді. Бірақ Жәнібектің қасында маман жоқ. Өзім де соны бастан кешіргенмін. АҚШ-қа менің алдымда Василий Жиров барды. Геннадий Головкин екеуміз 2012 жылы бардық. Ол кезде бізге ақыл айтатын, жол нұсқайтын кім бар? Ешкім жоқ. Басыңды тауға да, тасқа да ұрып жүріп үйренесің. Мынау ащы, мынау тәтті екен деп айыра алатын болдық. Ай сайын 10 мың долларым дәрігерлерге кетті. Ол сенің ағзаңды түгел зерттеп, бәрін бүге-шігесіне дейін айтып берді. Өкінішке қарай, Жәнібектің жанында бәрін тексеріп, сақ болуды ескертіп отыратын сондай маман болған жоқ», – деді Қанат Ислам.

Сондай-ақ ол АҚШ-тағы кәсіби бокстың ішкі тәртібі мен коммерциялық қырларына да тоқталды. Оның айтуынша, шетелде жүрген боксшы өзін «қақпанға түскендей» сезінуі мүмкін.

«Ол жақта қақпанға түскен сияқтысың. Америкада бәрі бөлініп алған: латынамерикалықтар өз алдына, мексикалықтар өздері жүреді, қаралар бір топ. Одан қалды украин, филиппин мен қытай топтары болады. Жергілікті промоутерлер жекпе-жек өткізсе, соларға қарайды. Билет сатыла ма, сатылмай ма деген мәселе бар. Оларға қазақсың ба, басқасың ба, бәрібір. Олардың мақсаты – ақша табу», – деп түсіндірді ол.

Исламның айтуынша, отандық спортшылар ұзақ уақыт бойы спорттың бизнес екенін толық түсінбей келді.

«Бізге оны ешкім үйреткен жоқ. Бизнестің не екенін, оның қалай жасалатынын білген жоқпыз. Олимпиада да бизнес. Бүкіл әлем елдерінің денсаулығын жақсарту мақсатында басталғанымен, кейіннен жарыстарды көрудің өзі сататын болды. Коммунизм елдерінде өскен адамдардың санасында Олимпиада – адал жарыс, ал кәсіпқой бокс бизнес ретінде қабылданады. Сол үшін оларға көмек болған жоқ. Енді біз секілді мамандар өз тәжірибемізге сүйеніп, сол олқылықтардың орнын толтыруға тырысамыз», – деп түйіндеді боксшы.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты дауға байланысты уақытша жарыстардан шеттетілген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0