Бұл туралы шахматшы Астанада журналистермен өткен кездесуде мәлімдеді.
Блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева наурыз айында Кипрде өтетін Үміткерлер турнирінде Қазақстанды алғаш рет таныстырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Оның айтуынша, блицтен үшінші мәрте әлем чемпионы атану мансабындағы ең қиын жетістіктерінің бірі болған. Турнир жаңа форматта өтіп, швейцариялық жүйеден кейін үздік төрт қатысушы нокаут кезеңіне шыққан. Бұл жарыс Үміткерлер турниріне іріктеуде шешуші маңызға ие болған.
– Финалға шыққан кезде Үміткерлер турниріне жолдама алғанымды білдім. Негізгі мақсат орындалды, бірақ матчта жеңілгім келмеді. Жартылай финал мен финалды сенімді өткіздім деп ойлаймын. Дегенмен бұл мен жеңіп алған әлем чемпионаттарының ішіндегі ең ауыр жарыс болды, – деді Бибісара.
Халықаралық жарыстарға тоқталған спортшы Нидерландыда өткен Вейк-ан-Зее турниріндегі өнерін де атап өтті. Оның сөзінше, бұл шахмат күнтізбесіндегі ең беделді әрі күрделі жарыстардың бірі.
– Жалпы есепте бесінші орын алдым. Турнир жеңімпазын ұттым, бұл мен үшін маңызды нәтиже болды және рейтингтік көрсеткіштерімді айтарлықтай жақсартты, – деді ол.
Алдағы жоспарлары туралы айта келе, шахматшы жақын күндері Германияға аттанып, фристайл шахматтан көрме матч өткізетінін, содан кейін Үміткерлер турниріне дайындықты жалғастыратынын айтты.
– Бұл турнир өте маңызды. Онда бар болғаны сегіз шахматшы ойнайды. Қазақстанды мұндай деңгейде алғаш рет таныстыратыныма қуаныштымын. Қатысушылар арасында Үндістаннан үш, Ресейден екі, Қытайдан екі шахматшы бар және мен бармын. Қазірдің өзінде дайындықты бастап кеттім. Әрине, мақсатым – осы турнирді жеңіп, әлем чемпионы атағы үшін матчқа шығу, – деді Асаубаева.
Оның айтуынша, дайындық күніне 8-9 сағатқа дейін созылады. Жұмысқа 11 жаттықтырушы мен спарринг-серіктес тартылған.
Кездесу барысында спортшы Қазақстан шахмат федерациясынан марапаттар мен әлем чемпионатындағы жеңісі үшін арнайы сыйақы алды. Федерацияның атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова спортшыға 25 миллион теңге, ал оның жаттықтырушысына 10 миллион теңге көлемінде сыйақы берілгенін айтты.
– Бибісара Асаубаеваның Үміткерлер турниріне шығуы – тарихи оқиға. Қазақстан алғаш рет осы деңгейге көтеріліп отыр. Бұл турнир әлем чемпионы атағы үшін матчқа жолдама береді, – деді Гүлмира Дәулетова.
Ол сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық шахмат жарыстары өтетінін хабарлады. Атап айтқанда, Алматыда университеттер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Оған Оксфорд, Гарвард, Қытай, Үндістан, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары мен Қазақстанның екі командасы қатысады.
Сонымен қатар Алматыда 30 елдің өкілдері қатысатын мектеп командалары арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Ұйымдастырушылар жүлде қорынан гөрі шахматты кеңінен насихаттауға басымдық беріп, қатысушылардың жолақысы, тұруы мен тамағын толық қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, түркітілдес елдердің шахмат федерациялары қауымдастығы құрылған. Оның құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан кірді. Алғашқы бірлескен турнир сәуір айында Түркістанда өтеді.