04.02.2026, 13:00

«Бірде-бір шәкірт дайындамаған»: Белгілі журналист еркін күрестен ұлттық құрамаға тағайындалған бас бапкерді сынады

Фото: коллаж Sn.kz

Спорт журналисі Аслан Қаженов еркін күрестен ұлттық құрамаға бірде-бір шәкірт тәрбиелемеген спортшының бас бапкер болып тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналист әлеуметтік парақшасында жазба жариялап, бұл ауыс-түйістің спорт мамандары арасында сынға ұшырып жатқанын айтты. 

”Бапкерлік тәжірибесі жоқ! 

Бірнеше күн бұрын еркін күрестен ұлттық құраманың жаңа бас бапкері тағайындалды. Яғни, біраз жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан білікті маман Мадияр Құрамысовты алып тастап, орнына балуандық карьерасын ресми аяқтамаған Данияр Қайсановты қойды. Данияр жақсы балуан. Бірақ, бапкер емес. Жаттықтырушы ретінде жасөспірімдер не жастар арасында қызмет атқармады. Тіпті, жеке бірде-бір шәкірт дайындамады. Қазір осы жағдай спорт мамандары мен жанкүйерлері арасында қызу талқыланып, қатаң сынға қалып жатыр. Өкінішті…”, — деп жазды ол. 

Ал желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бұл тағайындауды қолдаса, енді бірі мықты бапкер болу үшін тек жақсы спортшы болу жеткіліксіз екенін алға тартуда.

”Ақша ғой ойнап тұрған”, “Мықты балуан мықты бапкер болатынның белгісі емес. Бас бапкер болу үшін ең құрығында Азия чемпионын шығармай ма?”, “Данияр Қайсанов үлкен жарыстарды көрген мықты балуан, жақсы бапкер болады”, “Жастар, алға”, — деп жазды олар.