"Өзгенің еңбегін өз атынан иемдену – адамына сын".
Танымал сазгер Марат Омаров пен әнші Нұрлан Өнербаев арасындағы «Анашым» әніне қатысты дау қайта өршіді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін композитор аталған туындыны орындауға Нұрлан Өнербаевқа қарсылық білдірген еді.
Жақында әлеуметтік желіде Нұрлан Өнербаевтың концерттерінің бірінде айтқан сөзі тарады. Әнші көрермен алдында әннің авторы кім екені немесе мәтінін кім жазғаны маңызды емес екенін айтқан. Бұл видео Марат Омаровқа да жеткен.
Сазгер видеоны көргеннен кейін өз наразылығын жасырмады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әншінің әрекетін сынға алып, өзгенің еңбегін иемдену дұрыс емес екенін жазды.
«Маған осындай видео келді. Мына ісің ұят болды. Өзгенің еңбегін өз атынан иемдену – адамына сын. Ар мен абырой бәрінен биік болуы керек», – деп жазды Марат Омаров.