$ 509.63  592.34  6.54

Шұғыл: Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының соңғы жауабы шықты

Боксшы барлық жекпе-жектерден уақытша шеттетілді. 

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының «В» допинг-сынамасы ағзада тыйым салынған заттың бар екенін растады. Қазіргі уақытта ол істің мән-жайы толық анықталғанға дейін барлық жекпе-жектерден уақытша шеттетілді. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының (КФПБ) президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін Ерденбеков Instagram парақшасында Әлімханұлының ісі қаралып жатқанын хабарлағанымен, нақты деректерді жария етпеген еді. Ал 20 қаңтарда КФПБ басшысы алғаш рет допинг-сынаманың «В» нәтижесін ресми түрде жариялап, тыңдаулар барысы туралы егжей-тегжейлі түсінік берді.

Жақында Америкадан VADA ұйымының 34 беттен тұратын қорытынды сараптамасы келіп түсті. Өкінішке қарай, «В» сынамасы да оң нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда Жәнібектің ісін біздің федерация қарайды. Себебі ол — КФПБ лицензиясымен өнер көрсететін боксшы, ал оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада біздің санкциямызбен ұйымдастырылды. Енді басты мәселе – спортшы бұл затты әдейі қабылдады ма, әлде оның ағзаға қалай түскені. Қазір осы сұрақ қарастырылып жатыр, –  деді Ерденбеков.

КФПБ президенті 19 қаңтарда өткен тыңдаулардың кейбір жайттарына да тоқталды. Белгілі болғандай, Әлімханұлының ісі тәуелсіз сарапшылармен қатар Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің өкілдері қатысуымен қаралуда. Тыңдаулар халықаралық спорттық құқық стандарттарына сай жүргізіліп, спортшының кінәсіздік презумпциясы қатаң сақталуда.

— Жәнібекке көптеген сұрақ қойылды. Біз сәуір айынан бастап, тыйым салынған зат анықталғанға дейінгі оның бүкіл жолын тыңдадық. Кеше жаңа деректер белгілі болды, алайда оларды әзірге жариялай алмаймын. 23 қаңтарда тыңдаулар жалғасады, — деді Ерденбеков.

КФПБ басшысының айтуынша, істің қорытындысы бойынша барлық материалдар тиісті халықаралық ұйымдарға, соның ішінде WBO және IBF секілді федерацияларға жолданады. Соңғы шешімді дәл осы ұйымдар қабылдайды – чемпиондық белбеулерден айыру немесе айырып алмау мәселесі солардың құзырында. Ал әзірге Жәнібек Әлімханұлы тыңдаулар аяқталғанға дейін жекпе-жектерге қатыстырылмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары