18.12.2025, 17:00

Қуат Хамитов әншілікке бет бұрды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Спортшы бұл жолы көпшілікке жақсы таныс «Елім менің» әнін шырқады.

Қазақстандық танымал ММА файтері Қуат Хамитов Мәскеу қаласында өткен ACBJJ 20 турнирінде жеңіске жетіп, жекпе-жектен кейін қазақстандық жанкүйерлерге арнап ән орындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.  Аралас жекпе-жек шебері ресейлік спортшы Рашид Магомедовпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен басым түсті. Жеңістен кейін микрофон алған Қуат Хамитов қазақ халқына алғысын білдіріп, спорттың басты миссиясы – ұлттар мен халықтарды жақындастыру екенін атап өтті. Спортшы бұл жолы көпшілікке жақсы таныс «Елім менің» әнін шырқады. Оның бұл әрекеті көрермендер тарапынан жылы қабылданып, залдағы жанкүйерлер ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Алайда Қуат Хамитовтің бұл сәті бұрынғы даулы мәлімдемелер аясында қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Айта кетейік, бұған дейін спортшы әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында қыз балаға қатысты ауыр сөздер айтып, оның адами қасиетін кемсітті деген сынға ұшыраған болатын. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, спортшының мінез-құлқына қатысты өткір пікірлер айтылды. Соған қарамастан, Қуат Хамитов аталған оқиғаға байланысты ресми түсініктеме бермеді және көпшілікпен ашық диалогқа шыққан жоқ. Мәскеудегі жеңіс пен сахнадағы әсерлі сәт оның спорттық беделін қайта талқылауға себеп болса, бұрынғы даулы әрекеттері әлі де қоғам жадында қалып отыр.