Футболшы алматылық клубпен 2027 жылға дейін келісімшартқа отырды.
Алматының "Қайрат" футбол клубы команда құрамына жаңа ойыншыны ресми түрде қосқанын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Команда қатарына финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен қосылды. Футболшы алматылық клубпен 2027 жылға дейін келісімшартқа отырды.
Оксанен кәсіби мансабын Финляндияның "ХИК" клубында бастаған. 2018 жылы Англияның "Брентфорд" командасына ауысып, кейін "Уимблдон" мен Шотландияның "Мортон" клубында жалға ойнаған. 2022 жылдан бері ол финляндиялық "КуПС" командасында өнер көрсетіп, енді "Қайратқа" қосылды.
Айта кетейік, осы маусымда Яакко Оксанен УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Қайратқа" қарсы алаңға шыққан. Қос матчтың қорытындысы бойынша алматылық клуб 3:2 есебімен келесі кезеңге өткен. Финляндиялық жартылай қорғаушы алғашқы ойында гол соққан.
Маусым қорытындысында Оксанен 51 матчқа қатысып, 4 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген. Ол Финляндия ұлттық құрамасында бір, ал U-21 құрамасында 15 матчқа қатысқан.