$ 519.61  610.13  6.54

«Арман мен мақсат үшін бұл қадамға барамын»: Назым Қызайбай батыл мәлімдеме жасады

Мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді.  

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 2025 жылға қойған негізгі мақсаттарының басым бөлігін орындағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Спортшының айтуынша, биылғы жыл оның мансабында да, жеке өмірінде де маңызды жетістіктерге толы болған.

«Мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді. Біріншісі — үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі — ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі — өзімнің бокс залымды ашу», – деп жазды Назым Қызайбай.

Айтуынша, осы мақсаттардың алғашқы екеуі толық жүзеге асқан. Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанып қана қоймай, биыл өткен екі әлем чемпионатына қатысып, бірінде алтын, бірінде күміс жүлдеге қол жеткізген. Осылайша, ол әлем чемпионаттарында алтын, күміс және қола медальдардан тұратын толық жүлде жиынтығын жинады.

«Үш дүркін әлем чемпионы болдым. Биыл екі әлем чемпионаты өткендіктен, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Дегенмен, әлем чемпионатында толық комплект жиналды», – деді спортшы.

Сонымен қатар, боксшы ата-анасына үлкен үй сыйлағанын да атап өтті.

«Отбасыма үлкен үй алып бердім, бәрі мәз», – деп жазды ол.

Қазір Назым Қызайбай үшінші мақсатын орындап, жеке бокс залын ашуды көздеп отыр. Осы жоспарға байланысты ол Олимпиададан кейін өзіне сыйға берілген көлігін сатуға шешім қабылдағанын хабарлады.

«Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын», – деп жазды ол.

Спортшының айтуынша, қазіргі таңда шағын ғимарат қарастырылып қойған және бокс залын ашу жоспары жыл соңына дейін жүзеге асуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары