Сынап жатқандарға мән бермеңіздер!
Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының командасы боксшыға байланысты туындаған допинг дауы жөнінде ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Команда өкілдері жағдайдың анық-қанығы жақын күндері белгілі болатынын айтып, жанкүйерлерді сабырлы болуға шақырды.
«Қолдауларыңызға рақмет, шын жанкүйерлер! Бұйыртса бұл да артта қалады. Бұрын салмақ жасай алмай қалғанда да біраз адам күмәнданған! Кейін олар да жанкүйер болып кетті. Ол қиындық та артта қалды. Бұл допинг дауы да шешіледі! Біздің команда ең мықты команда! Біз әлі әлемге талай қазақша сөйлейміз! Біз әлі талай жастарға құмар ойнама деп айтамыз! Біз әлі талай туды желбіретеміз! Біздің мақсат айқын. Ол мақсаттан бізді ешқандай қиындық тайдыра алмайды», – делінген мәлімдемеде.
Команда допинг мәселесінің шешілетініне сенімді екенін жеткізді. Олардың айтуынша, сынап, күмән келтіріп жатқан пікірлерге мән берудің қажеті жоқ.
«Сынап жатқандарға мән бермеңіздер! Олар бұрыннан бар, 4 титул алғанда да бола береді! Біз тек алға жүреміз! Амандықта жүздесейік! Ең бастысы біз тазамыз! Бізден ешқандай кінә мен қателік кеткен жоқ! Бәрі бұрынғы витаминдер мен бұрынғы мәзір! Қазір анализдің екінші қорабын ашуға өтініш жазылды! Жауабын күтеміз!», – деп жазды команда.
Команда жанкүйерлерге алдағы күндері барлық сұраққа нүкте қойылатынын айтып, амандықта кездесуге тілектестік білдірді.