WTA Елена Рыбакинаны «эйстердің ханшайымы» деп баға берген.
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) қазақстандық Елена Рыбакинаның биылғы жетістігі туралы Instagram-дағы ресми парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қауымдастық дерегінше, отандық теннисші Рыбакина 2016 жылдан бері алғашқы болып бір маусымда 500-ден астам эйс жасаған теннисші атанып отыр.
«2016 жылдан бері бір маусымда 500-ден көп эйс жасаған алғашқы теннисші - Елена Рыбакина» деп жазылған WTA жариялаған ақпаратта.
Бұдан бөлек, жазбамен бірге жарияланған суретте WTA Елена Рыбакинаны «эйстердің ханшайымы» деп баға берген.
Айта кететін жайт, Елена Рыбакина WTA нұсқасы бойынша «жылдың үздік ойыншысы» аталымындағы басты үміткерлер қатарына енген. Ол жақында ғана теннис тарихындағы ең ірі жүлде қоры бойынша рекордты жаңартып, Гиннес рекордтар кітабына есімі енді.