Бүгін WTA жаңартылған рейтингтерді жариялады.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сын бойынша жаңартылған әлемдік рейтингтерді жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Риядта өткен WTA Finals турниріндегі тарихи жеңісінен кейін 6-орыннан 5-орынға көтерілді. Юлия Путинцева 73-орындағы орнын сақтап қалды. Зарина Дияс екі саты жоғарылап, 301-орынға тұрақтады. Жібек Құламбаева төрт орын көтеріліп, 332-орынға жайғасты.
Рейтингтің алғашқы үштігі өзгерген жоқ: Арина Соболенко (Беларусь), Ига Швёнтек (Польша) және Кори Гауфф (АҚШ).
Жұптық сында қазақстандық Анна Данилина екі позиция төмендеп, 15-орынға түсті. Үздік үштікте Катерина Синякова (Чехия), Тейлор Таунсенд (АҚШ), сондай-ақ үшінші орынды бөлісіп тұрған италиялық Жасмин Паолини мен Сара Эррани орналасқан.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні маусымның қорытынды турнирінде Елена Рыбакина чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жарыс барысында ол барлық кездесуде жеңіске жеткен Елена Рыбакина 1 500 рейтингілік ұпай және 5,235 миллион АҚШ долларын (шамамен 2,75 миллиард теңге) иеленді.